Болашақ ана денсаулығына қатысты өзекті мәселелер талқыланды



      Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі. Сондықтан болар әлем елдері дамуды демографиялық ахуалдан бастап, халық денсаулығының қамына қарай қарекет етеді. Осы бағытта біздің елімізде де айтарлықтай жобалар қолға алынып, ұлт денсаулығын нығайтуға ден қойылған. Әсіресе, өскелең ұрпақтың дені сау болсын десек, болашақ аналардың денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. 

      Жүктілік – әйел өміріндегі ерекше кезеңдердің бірі. Болашақ ана өзінің денсаулығына, тамақтануына және күнделікті жүріп-тұруына аса мән бергені жөн. Әрдайым дәрігерлердің ақыл-кеңестеріне құлақ асып, нұсқаулықтарын орындағаны да абзал. Бұл ретте емханалар мен стационарлық мекемелер әрдайым байланыста болып, жүкті әйел денсаулығын нығайтуды ортақ мақсат етуі тиіс. Осыған орай бүгін №2 көпбейінді қалалық аурухананың Акушерлік блогында қаламыздағы бірнеше емхананың өкілдерімен арнайы дөңгелек үстел өтті. Бас дәрігердің әйелдерді босандыру бойынша орынбасары Валентина Гергерт пен амбулаторлық қызмет бойынша орынбасары Сәуле Ибраева бастаған жиында болашақ ана денсаулығына қатысты өзекті мәселелер талқыға салынды.

       Мамандардың айтуы бойынша, бүгінде көптеген жүкті әйелдер ауруханаға жатқызу қажет болмаған жағдайда да, стационарлық мекемелердің көмегіне жиі жүгінеді. Мұндай жайттарды емханалардың учаскелік дәрігерлері ескеріп, болашақ анаға барынша көмек көрсетуі тиіс. Осылайша, әрбір мекеменің қызмет көрсету сапасы жақсарады дейді, дөңгелек үстелге жиналғандар. Сонымен қатар, кей жағдайларда әйелдердің жүктілік мерзімі дұрыс есептелмей, мерзімінен асқан жүктілік деп перзентханаларға жолдама беріліп жатады. Осыдан болашақ ана мен мамандар арасында түсініспеушілік туындайды. Сондықтан, әрбір дәрігер ортақ істің нәтижелі болуы үшін барынша тиянақтылық пен сауаттылық танытқаны абзал.