Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру



     Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дегеніміз не? Осы сұрақтың жауабын ең алдымен денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген азаматтар жете білуі тиіс. Осылайша келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап іске қосылатын жобаның негізгі артықшылықтары мен тиімді тұстары жайындағы нақты ақпарат қарапайым халыққа жеткізіледі.  Бүгін №2 көпбейінді қалалық ауруханада бас дәрігердің мейіргерлер ісі бойынша орынбасары Мұсабаева Айна Мұратқызы ауруханамыздың медбикелеріне жаңа жүйе бойынша оқыту жұмысын жүргізді.

      Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру –  бұл тұрғындарды ауру, жарақат,  жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Көптеген дамыған елдер тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік беретін МӘМС жүйесін таңдаған.

       Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру үлгісін таңдау барысында 50-ден астам елдің тәжірибесі зерделенді.  Бүгінде бүкіл әлем денсаулық сақтауды қаржыландырудың үш негізгі үлгісін қолдануда: бюджеттік, сақтандыру және аралас. Бюджеттік үлгі Ұлыбритания, Испания, Италия және Швеция сияқты елдерде қолданылады. Әлеуметтік сақтандыру  Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, сонымен қатар Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде, жалпы 30-ға тарта елде бар, ал жеке сақтандыру АҚШ-та қолданылады. Бірақ, көптеген елдер тиімділігі дәлелденген бюджеттік және сақтандыру үлгілерін аралас түрде қолданады.

       Ендігі ретте аурухана шеңберінде жаңа жүйенің қыр-сырларын түсіндіру және оқыту шаралары жиі өткізілетін болады. Мамандардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбындағы білім деңгейін арттыру алдағы уақытта нәтижелі қызмет етуге септігін тигізетіні анық.