
Астанадағы №2 қалалық көпбейінді ауруханада ішкі ағзаларының орналасуы өзгеше әйелге күрделі жүрек отасы сәтті жасалды. Науқастың туа біткен сирек кездесетін анатомиялық ерекшелігі бар: оның ішкі ағзалары қалыпты орналасуына қарама-қарсы, яғни айнадағыдай орналасқан. Атап айтқанда, жүрегі көпшілік адамдардағыдай сол жақта емес, оң жақта орналасқан.
Күлжан Фазилованың жүктілік кезінде жүрегіне байланысты денсаулығында күрделі мәселелер туындаған. Қыркүйек айында жүктіліктің 30-аптасында медициналық көрсетілімдер бойынша оған кесарь тілігі жасалды. Босанғаннан кейін шамамен 40 күн өткен соң әйелге жүрек отасын жасау қажеттілігі туындады.
Дәрігерлер науқастың жүрек қақпақшаларының бірі қатты тарылғанын анықтаған. Бұл қан айналымының қалыпты жүруіне кедергі келтірген. Сондықтан мамандар зақымданған жүрек қақпақшасын биологиялық протезге ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Операцияны №2 қалалық көпбейінді аурухананың жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Алексей Смоленский жетекшілік еткен дәрігерлер тобы жасады. Күрделі хирургиялық ота үш сағатқа созылды.
Операцияның басты қиындығы — науқастың жүрегі мен басқа да ішкі ағзаларының әдеттегіден өзгеше орналасуы. Кардиохирургтің айтуынша, мұндай жағдай оның тәжірибесінде алғаш рет кездескен.

«Әрине, әріптестеріміздің қолдауымен операцияға алдын ала мұқият дайындалдық. Жүректің компьютерлік томографиясын қарап, ірі қан тамырларының орналасуын тексердік. Компьютерлік томография арқылы жүректің анатомиялық құрылысын жан-жақты зерттедік», — деді Алексей Смоленский.
Дәрігердің айтуынша, жүректің митралды қақпақшасын ауыстыру операциясы сәтті өткен. Операциядан кейінгі тексеру нәтижелері жүректің жиырылу қызметі жақсы екенін, ал орнатылған протездің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын көрсетті.
Ем қабылдап, оңалту кезеңінен өткен Күлжан Фазилова ауруханадан шығарылуда. Енді ол үйіне оралып, сәбиімен және отбасымен қауыша алады.
Бейнені қарағңыз: https://www.instagram.com/reel/DfrJHvFiS8y/?xtok=MWZia3BrdGkwd3oxMA==
