Мемлекеттік рәміздер күні: Дәрігерлер қауымы сап түзеп, жас аналарға құрмет көрсетілді



Мемлекеттік рәміздер күні: Дәрігерлер қауымы сап түзеп, жас аналарға құрмет көрсетілді

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл – мемлекеттілігіміздің негізі, тәуелсіздігіміздің айшықты белгілеріне деген құрмет күні.

Осы айтулы күнде ауруханамыздың ұжымы ерекше патриоттық рухпен жұмыс күнін бастады. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері сап түзеп, Мемлекеттік әнұранымызды бірге шырқады. Көк Туымыз, қасиетті Елтаңбамыз және асқақ Әнұранымыз — ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы арманы, бүгінгі ұрпақтың мақтанышы.
Игі дәстүр жалғасын тапты

Мемлекеттік рәміздер күні – біздің ауруханада ерекше аталып өтетін күн. Бүгінгі айтулы күні дүние есігін ашқан жас нәрестелер мен олардың аналарын құттықтау – ауруханамыздың игі дәстүріне айналды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Геральдикалық зерттеу орталығы» Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың перзентханасында арнайы іс-шара ұйымдастырды. Құрметті қонағымыз, әнші Алтынай Жорабаева аналарға ақ тілегін арнады. Аналарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан алғыс хаттар, естелік сыйлықтар мен Мемлекеттік Ту бейнеленген төсбелгілер табысталды.

Біз еліміздің болашағы – жас сәбилеріміз бен олардың аналарына зор денсаулық, ал мемлекетімізге баянды бақыт тілейміз!