Ұлттық қор - тұрақты даму мен халық игілігінің сенімді тірегі



Президенттің «Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек» деген сөзі - еліміздің экономикалық болашағын айқындайтын аса маңызды үндеу. Бұл бастама Ұлттық қорды тек жинақтау институты ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын дамудың қуатты құралына айналдыруға бағытталған.

Біріншіден, заңсыз активтерді қайтару ісінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Қаражат қазынаға қайтарылып, бұл қаражат - мектептер, спорт ғимараттары, денсаулық сақтау және су инфрақұрылымы нысандарының құрылысына жұмсалды. Бұл  қаражаттың халықтың нақты қажеттіліктеріне бағытталып, елдің әлеуметтік әлеуетін арттырғанын көрсететін жарқын мысал.

Екіншіден, инвестициялық саясаттың жаңа көзқарасқа ие болуы аса маңызды. Президент атап өткендей, салықтық жеңілдіктер тек ел экономикасына пайдасы зор жобаларға беріліп, артықшылықтардың әрбір теңгесі орынды жұмсалуға тиіс. Бұл - мемлекет қаржысын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастырудың айқын көрінісі.

Үшіншіден, Ұлттық қорды болашағы зор жобаларды қаржыландыру үшін қосымша инвестиция көзі ретінде пайдалану - экономикалық тұрақтылықты нығайтудың ең дұрыс жолы. Бұл тек қаржылық қолдау ғана емес, ел ішіндегі инновациялық бастамаларға серпін беріп, жаңа өндірістер мен технологияларды дамытуға мүмкіндік туғызады.

Төртіншіден, халықаралық деңгейдегі сарапшылар мен инвесторларды тарту арқылы қорды басқарудың тиімділігін арттыру - Қазақстанды жаһандық стандарттарға жақындатып, сенімді әрі ашық жүйе қалыптастыруға ықпал етеді.

Ұлттық қордың жаңа рөлі - халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және елдің тұрақты дамуына қызмет ететін қуатты құрал болмақ. Бұл бастама Қазақстанды жаңа биікке көтеріп, болашақ ұрпаққа мықты экономикалық негіз қалдыратыны сөзсіз.