1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы экология мәселесіне адамзат назарын аудару үшін бұл күнді Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні деп белгілесе керек.
Аталмыш датада әлемде экожүйелерді қорғау және қалпына келтіру шаралары насихатталады, ағаштар отырғызылып, қоқыстан тазарту шаралары жүргізіледі. Біздің аталарымыз туған жердің төсін жасыл желекпен жамылдырып, ақ бидайға толтырып, егінін ектіріп, гүлдей құлпыртып отырған, барынша экологиялық таза дүниелермен айналысқан. Бұл күн бізге осы дүниені тағы бір рет еске салатындай. Даласын алтын дәнге толтырып, қоймасын ырыс-құтқа келтірген елдің ұрпағы ретінде сол құндылықтарды жалғастырып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау - ішкі мәдениеттіліктің жоғары көрінісі деп білеміз.
Биыл бұл күн ерекше мәнге ие. БҰҰ белгілеген 2025 жылдың басты ұраны - пластикпен күрес. Күреске Қазақстан да үн қосады. Кішкентай қарапайым пластик жаһандық мәселеге айналған. Құрғақ сөз емес, нақты іспен күнделікті өмірде пластикті азайту арқылы әрқайсымыз жаһандық мәселені шешуге үлес қоса аламыз.