СОМАТИКАЛЫҚ БӨЛІМШЕНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ



Құрметті достар, әріптестер!
Бүгін өздеріңізбен бөлісер жағымды жаңалығым - ауруханамызда жаңа соматикалық ақылы бөлімшенің тұсауы кесілді. Екі жылдан бері жоспарлап, түйіндеп келген жаңа бөлімшеміз бүгін алғашқы науқастарын қабылдап бастады, енді ауруханамыздағы барлық медициналық қызметті жайлылығы аса жоғары бөлімшеде алу мүмкіндігі туды. Бізге тек елордалық ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен науқастар түрлі ем іздеп келеді, олардың арасында жайлылық үшін қосымша ақы төлеуге дайын тұрғындарымыз бар. Әрине, бұл көңілге тек қуаныш сыйлайды, халықтың мүмкіндігі артып жатқандығының айқын дәлелі деп білеміз.
Аталмыш бөлімше 23 төсек-орынмен жабдықталған. Екі жылға жуық жұмыстың артында әріптестердің ерен еңбегі жатыр. Әр келген керуетті, құрал-жабдықты қабылдау қобалжу туғызды, басы қатты, аяғы тәтті бірлескен еңбектің бүгін нәтижесіне куә болдық. Жобаның басы-қасында жүрген әріптестеріме зор алғыс білдіре, Айгерім Қалдыбекқызы Ибраева бастаған жаңа бөлімше ұжымының жұмысына тек сәттілік тілеймін.