АҚ ЖОЛ, ЖАС МАМАН!



АҚ ЖОЛ, ЖАС МАМАН!
Медицина теңізден терең һәм өшпейтін сала. Үңілген сайын көресіз, білесіз. Бүгін денсаулық сақтау саласы сондай оқуға құштар, жалынды жаңа кадрлармен толықты. Елордамыздағы медициналық жоғары білім ордасында ерекше тебіреніс пен қуанышқа толы шара - түлектерге диплом табыстау салтанатының куәгері болдық.
Қазіргі жас маман – ертеңгі саламатты ұлттың тізгінін ұстар азаматтар. Жауапкершілік жүгі ауыр жолда жоғары білім ордасының орны орасан. Алдымен Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Талғатұлы Надыров және С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Едігеұлы Шорановты, бүкіл ұжымды тағы бір оқу жылының сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтағым келеді.
Құрметті түлектер!
Бұл тұста сіздегі жүрек ерекше толқынысқа толы екендігін түсініп те, сезіп те тұрмын. Жылдар бойы университет қабырғасындағы қажырлы оқуды аяқтап, сіздер өмір межесінің тағы бір табалдырығын аттағалы отырсыздар. Әрдайым кітапқа, жаңа білімге, көкірек көзін ашып, кәсіби шеберліктеріңізді арттыруға ынтық болыңыздар. Абай атамыз айтпақшы: “дүниенің әр бұрышына кірпіш боп қаланып”, өз мақсаттарыңызды айқындауға, сол жолда талмай, тынбай қызмет етуге күш салыңыздар. Біз тілекшіміз.
Дипломыңыз - тек бастама ғана. Әлі талай биікті бағындырып, талай шыңнан қол бұлғап, тұлға болып қалыптасуда өзіндік межелеріңізге жетулеріңе тілектеспіз. ХХІ ғасырдың тың талаптарына бейімделіп, заманға сай дағдыларды игерген бәсекеге қабілетті, өзгеріске ынталы, мықты әріптес боларыңызға біз кәміл сенеміз. Ақ халатты абзал жан мәртебесін асқақтатып, ықыласты кәсіби маман атануыңызды тілеймін.
Ардақты ата-аналар!
Тәрбие отбасыдан бастау алады, балаңыздың алғашқы ұстазысыздар. Ұл-қыздарыңыздың жетістігінде ұшан-теңіз қолдауыңыз бен еңбегіңізді бағалау, бағамдап болжау мүмкін емес. Баланың болашағы үшін барды салғаныңыз үшін алғыс. Сіздер мақтанатындай, марқаятындай азамат болсын! Жүректері әрқашан білімге, көңілдері нұрға, санасы сабырға толсын.
Құттықтау салтанатының куәгері және құрметті қонағы болғаныма мен де қуаныштымын. Лайым да жағымды жаңалықтармен жүздескенше!
Ізгі тілекпен, Н.Тұрсынбаев.