№2 Қалалық көпбейінді ауруханасында мейіргерлер мен акушерка мамандардың конкурсы өз мәресіне жетті



Үздік мейіргерлер мен акушеркалар анықталды.
№2 Қалалық көпбейінді ауруханасында мейіргерлер мен акушерка мамандардың конкурсы өз мәресіне жетті. Сайыстың алғашқы іріктеу кезеңінен алға суырылып шыққан жеті үздік қызметкеріміз екінші кезеңде бақ сынап, өз өнерлерін ортаға салды.
 
Мейірбандық пен шипалы алақан иесі - біздің сүйікті де сүйкімді мамандарымыз, дәрігерлердің оң қолы – мейіргерлер мен акушеркалар. Қай уақытта көрсең де, жүздерінде жымиған күлкі ұялап тұратын мейірімді мамандардың арасынан үздіктерді таңдау әділ қазыларға да, жиналған көрермен қауымға да қиын болғанын жасырмаймыз.
 
Сайыс үш турдан тұрды. «Қатысушының визиттік картасы» («Визитная карточка участницы») атты алғашқы турда мамандарымыз өздерін таныстырып, күнделікті жұмысы жайлы баяндап берді. Видеодан бұрын бірі өлеңмен, бірі көркем қара сөзбен қатысушыларымыз бірінен бірі қалыспады. «Кәсіби дағдылар» («Профессиональные навыки») турында мейіргерлер мен акушеркаларымыз кәсіби және сөйлесу дағдыларын танытты. Сондай-ақ «Үй тапсырмасы» («Домашнее задание») кезеңінде шығармашылықтарын ортаға салды.
 
Сонымен жүйріктерді таныстырсақ, операциялық блоктың мейіргері Жүсіпова Ұлдана Досболқызы мен жүкті әйелдер патологиясының акушеркасы Жұлдызбай Марал жеңімпаз атанса, нәрестелерді күту және патологиясы бөлімшесінің мейіргері Махмет Фариза Ақылбекқызы екінші орынға ие болды. Нәрестелер физиологиясы бөлімшесінің мейіргері Нұрхаева Алтынай Нұрбекқызы үшінші орын жүлдегері атанды. Қабылдау бөлімшесінің мейіргері Мурат Севера Шикуратқызы «Ең икемді» номинациясымен марапатталды. «Ең шынайы» аталымында босанғаннан кейінгі ана мен сәбиінің бірге болу бөлімшесінің акушеркасы Абылкасымова Мөлдір Маратқызы марапат алса, «Ең сүйкімді» номинациясына қабылдау бөлімшесінің акушеркасы Құтыбаева Гулзира Болатқызы ие болды.
 
Біздің қызметкерлеріміздің әрқайсысы үздік. Қатысуға ниет білдірген 30-ға жуық қызметкердің арасынан озық шыққан жеті қатысушыға Медицина қызметкерлерінің мерекесінде қомақты қаражат, демалысқа жолдама сынды сыйлықтар табысталатын болады.
 
Жеңістеріңіз құтты болсын!