Бүгін біздің ауруханамызға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова келіп, мекемеміздің жалпы жұмыс барысымен танысты



Бүгін біздің ауруханамызға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова келіп, мекемеміздің жалпы жұмыс барысымен танысты.

Ауруханамыз 24/7 тәулік бойына тұрғындарымызға үздіксіз медициналық көмек көрсететінін білесіздер, біздегі қызу жұмыс қабылдау бөлімінен басталады. Жұмыс сапарында қонақтарымыз ең әуелі осы қабылдау бөлімі мен елордамыздағы жалғыз жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің жұмысын бақылады.

Өздеріңізге мәлім, қазір ауруханамыздың екі ғимаратын (Акушерлік блок және Клиникалық блок) біріктіретін көпір - жаңа клиникалық-диагностикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек қонақтарымызға былтыр іске қосылған Госпитальды фармация бөлімше жұмысы іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқаны көрсетілді. Сондай-ақ сапар барысында министрлік өкілдеріне пренаталды скринингтің барлық түрін жедел өткізуді көздейтін “Бір күндік клиника” жаңа жобасы таныстырылды. Бұл жоба болашақ аналардың уақытын үнемдеп, зерттеу нәтижесіне тезірек қол жеткізуге бағытталған. Ақмарал Шәріпбайқызы аталмыш идеяның өзге облыстық медициналық мекемелеріне енгізу керектігін, бәріміз үшін тәжірибе алмасудың маңызына тоқталды.

Өз сөзінде Министр біздің аурухана жұмысына өте жоғары деген баға беріп, барша ұжым қызметкерлеріне сәттілік тіледі. Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Отандық медицинамыздың дамуына үлес қосып жүрген барша әріптесіме сәттілік тілеймін! Тек жағымды жаңалықтармен жақсы күндерде жолыққанша!