«Мүмкіндік қашан да мол: тек үміт пен сенімді үзбеу керек»

Біздің неонатолог маман Жібек Узакованың дәл осы жігерлі сөздері бүгінгі кейіпкерімізге шала туылған сәбиінің өмірі үшін күресте мықты күш сыйласа керек.
 
Ұлт мүддесі – дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Бұл мақсатқа қол жеткізуде 2 КҚА мамандары тынбай еңбек етіп келеді. Әрбір ата-ананы бірінші кезекте өмірінің жалғасы - бауыр еті баласының денсаулығы алаңдатады. Айта кетейік, ауруханамызда жаңа туған және ерте туылған сәбилер үшін неонаталдық қызмет жүйесі жұмыс істейді. Былтыр ауруханамызда 550-ден астам сәби мерзімінен ерте туылса, оның 229-ы арнайы ем алып шыққан. Өмірге құлшынысы ерекше мықты, мерзімінен ерте дүниеге келген сәбилердің бірі – біздің кішкентай пациентіміз Андрей. Андрейдің анасы Евгенияның ауруханамыздың ақ халатты абзал жандарына ақ жүректен алғыс сөздері бәрімізді тебірентті.
 
Балақай 730 гр салмақпен дүниеге келген. «Біз ауруханаға кенеттен жедел түрде келіп түстік. Шұғыл ота жасалып, Андрей бірден нәрестелер реанимациясы бөлімшесіне жатқызылды. Екі аптадан кейін жүрегіне операция жасалды. Әрине, бастапқыда көп күмән мен қорқыныш сезімі болғанын жасырмаймын, қуанышқа орай дәрігерлердің қолдауымен біз бұл қиындықты жеңіп шықтық. Әлі күнге дейін есімде, неонатолог дәрігер Жібек Максұтқызынан «мүмкіндік бар ма?» деп сұрағанымда, «мүмкіндік әрқашан бар, тек үміт пен сенімді үзбеу керек» деп жігерлендірген еді», - дейді Андрейдің анасы.
 
Сәбидің денсаулығы қазір ойдағыдай. Біздің мейірімді дәрігерлеріміз де балақайға бауыр басқан. Алғыс айтып келген анасы мен баласын нәрестелер реанимациясы бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Нурашбекова бастаған дәрігерлер қуанышпен қарсы алды.
 
Анасы Евгения нәрестенің өмірі үшін ортақ күш салған бүкіл неонаталдық қызмет дәрігерлеріне алғыс айтады. №2 КҚА неонаталдық қызмет жүйесінде 4 бөлімше қызмет көрсетеді: жаңа туған нәрестелер физиологиясы бөлімшесі, нәрестелер хирургиясы бөлімшесі, нәрестелерді күту және патологиясы бөлімшесі, нәрестелер реанимациясы бөлімшесі.
 
Құрметті пациенттер, сіздердің кері байланыстарыңыздың біз үшін аса бағалы екенін айтудан жалықпаймыз.