Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы аурухананың жұмыс барысымен танысты



       Бүгін №2 көпбейінді қалалық ауруханаға Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова арнайы келіп, жұмыс барысымен танысты. Кездесу кезінде денсаулық сақтау саласындағы өзекті әрі маңызды мәселелер талқыға түсті.

       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші қыркүйек күні Қазақстан халқына жасаған жолдауында ана мен бала өлімінің деңгейін төмендету жайын атап өткен болатын. Бүгін бұл мәселені басқарма басшысы да ерекше назарға алып, қоғамдағы өзекті проблеманы шешу жолдарын қарастырды. Сонымен қатар сәби өлімінің негізгі себептеріне талдау жасалды және оның алдын алу бағыттары да тілге тиек етілді. Осы ретте №2 көпбейінді қалалық ауруханада Республикалық аса маңызды акушерлік орталықтың ашылуы қуантарлық жайт дейді, Сәуле Қисықова. Бұл заманауи орталықта акушерлік бағыттағы мәселелердің барлығы терең қарастырылып, барша ел азаматтарына көмек көрсетіледі.

       Кездесу соңында келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысы сараланды.

       Сонымен қатар, Қазақстан халқына Жолдауында  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен тығыз байланыс орната отырып, «есту жағдайы» тұжырымдамасын іске асыруымыз керек деп айтқан болатын. Мемлекет басшысы медициналық қызметтердің сапасы халықтың әлеуметтік әл-ауқатының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті және медициналық қызметтің сапасы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. Осы ретте басқарма басшысы халықпен әрдайым тығыз байланыста болып, әрбір үндеуге жауап қатуға тапсырма берді.