Жас аналар баланы емізудің ережелерімен танысты



     

        Ана сүті – өмір есігін жаңа ашқан сәби үшін теңдесі жоқ қорек. Ананың ақ сүтін ешбір сүт қоспасы алмастыра алмайды. Ғалымдардың соңғы зерттеулері ана сүтінің маңызын күн сайын арттыра түсуде. Осыған орай №2 көпбейінді қалалық аурухананың мамандары аналарға баланы емізудің негізгі артықшылықтары мен пайдасы жөнінде баяндап, ақыл-кеңестерімен бөлісті.

        Мамандардың айтуынша, анасының уызына жарып, сүтін екі жасқа дейін емген сәбидің денсаулығы жасанды азықпен қоректенген балаларға қарағанда анағұрлым мықты болады, түрлі жұқпалы ауруларға да сирек шалдығады. Тіпті, жасанды сүт қоспаларында кездеспейтін түрлі қоректік заттар да тек ана сүтінде ғана кездеседі екен. Сондай-ақ, ана сүті сүт безінің қатерлі ісігіне шалдықпау қаупін 10 есеге, жатырдың қатерлі ісікке шалдықпауын 2 есеге төмендетеді.         Әртүрлі қоректік заттардан тұратын ана сүтін әлі толық қалыптасып үлгермеген сезімтал сәби ағзасы тез, әрі жеңіл бойына сіңіреді. Кішкентай бала бұл қоректі сіңіру мен қорытуға көп энергия жұмсамайды, керісінше, осы тағамнан алған энергияны ағзадағы барлық мүшелер мен жүйелердің дамуы және өсуіне пайдаланады.

        Ана сүтінің тағы бір ерекшелігі - ол «пайдалы» бактериялардың өсуі үшін ағзада қалыпты өмір сүру «жағдайын» жасайды, ал зиянкес, қауіпті бактериялар, вирустар және паразиттер үшін олар өмір сүре алмайтындай орта қалыптастырып, оларды біртіндеп құртады. Сонымен қатар, ана сүтінің құрамында сәби иммунитетін жұқпалы ауруларға қарсы күшейтетін иммундық стимуляторлар болады.

        Біздің дәрігерлер жас аналарға нәрестені қашан және қалай емізу керектігін перзентхана қабырғасында жете түсіндіреді. Жалпы психологиялық тұрғыда, жан-жақты дайындап шығарады. Жаңа туған нәрестенің жарты жылға дейін ояу сәтінен гөрі ұйқысы басым болады. Бұл уақыт аралығында қалыптасқан үрдіс бойынша аналар сәбилерін араға 2 сағат уақыт салып, емізіп тұрулары керек. Өкінішке орай, көптеген аналар үйлеріне келісімен өздеріне ыңғайлы үрдіске көшіп, қалаған мезгілде емізіп, жасанды сүт беруге әуестенеді. Ал мұның бәрі әлі әлсіз сәби ағзасына кері әсер ететіні сөзсіз. Жалпы, нәресте алты айға дейін қосымша сұйықтар мен басқа тамақты қажет етпейді.