Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет



  Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Соғыс майданында қан кешіп жүріп, асқан ерліктің үлгісін көрсеткен батырларымыз әрдайым ұлтымыздың мақтанышы болмақ. Осыған орай, Ұлы Жеңіс күні қарсаныңда №2 көпбейінді қалалық ауруханаға қарасты Емдеу-диагностикалық орталығының мамандары ерекше іс-шараны қолға алды.

  6 мамыр күні орталықтың үздік дәрігерлері Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген азаматтарды және тыл еңбеккерлерін қабылдап, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетті.  Мерекеге орай ұйымдастырылған «Ашық есік күні» шарасы барысында мамандар 50-ден астам азаматты қабылдады. Мысалы, терапевт қабылдауынан 22 адам өтсе, хирург 14, дәрігер кардиолог 8, ал невропатолог 15 адамды қабылдады. Сонымен қатар, түрлі органдардың ультрадыбыстық зерттеуінен 34, ал ЭКГ-ден 23 адам өтті. Сонымен қатар ақ халаттылар салауатты өмір салтын жүргізу, дұрыс тамақтану бағытында кеңес беріп, еліміздің ардақты азаматтарына барынша көмек көрсетті. Алдағы уақытта мұндай шаралар дәстүрге айналмақ.

  Өкінішке орай, соғыс ардагерлерінің қатары жылдан жылға азайып келеді. Сол себепті олардың денсаулығы мен тұрмыс жағдайына ерекше ден қойып, мұқтаждықтарын білу қазіргі қоғамға артылған міндеттердің бірі.